Елімізде ең төменгі жалақының көтерілуі 1,8 миллионға жуық азаматқа әсер етеді
06.09.2023 11:31
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін артады.
Ең төменгі жалақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптасады.
"Айта кету керек, Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 2022 жылдан бастап жыл сайын өсуде. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде ең төменгі жалақы мөлшері 2 есе ұлғайтылмақ. Ең бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі "жалақысы төмен" жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады. Осының нәтижесінде барлық салаларда түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерлерінің ақшалай табысы өседі", — делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік Банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі, оған сәйкес ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады.
Сурет: Zakon.kz