Бәрін алдау: жеке кәсіпкерлер алаяқтардың нысанына айналды
13.03.2024 18:09 Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кәсіпкерлер мен олардың клиенттері зардап шеккен алаяқтықтың жаңа схемасы туралы жазылуда. Ол қалай әрекет етеді және оның құрбаны болмас үшін не істеу керек? Бұл туралы төменде оқыңыз. |
Өткен жылдың мамыр айында қазақстандық кәсіпкер БАҚ-та алаяқтардың құрығына қалай түскені туралы айтып берді. Ол өз атына тіркелген жеке кәсіпкерлікті жалға беріп, пайда көрмек болады. Бәрі осы кезде басталады. Бір жігіт оның рұқсатымен балалар ойыншықтарын сатады. Бірер уақыттан кейін сатып алушылардан шағымдар көп түскендіктен онлайн-дүкен кәсіпкермен келісімшартты бұзады. Олар ақшасын төлесе де, тауарын алмаған екен. Ал кәсіпкер алаяқтарға тап болғанын түсінгенде, алданған сатып алушылардан полицияға бірнеше арыз түсіп, қарыздың жалпы мөлшері алты миллион теңгеден асқан.
Қазнетте осыған ұқсас басқа да жағдайлар туралы жазылған. Олардың бірінде ЖК-ны жалға берген кәсіпкер мемлекетке 24 миллион теңге қарыз болып қалған. Бұл «жалға алушылар» сатқан тауарлардың ҚҚС-ы.
Мәні неде
– Мысалы, сіздің Жеке кәсіпкерлігіңіз бар. Сіз Желіден «Ақша тапқысы келетін ЖК иелерін іздейміз» деген хабарландыруды көресіз, – дейді қаржылық қауіпсіздік жөніндегі маман Дамир Нұритдинов. – Сіз көрсетілген нөмірге қоңырау шаласыз, олар сізге ЖК-ны үшінші тұлғаға беруді, яғни ЖК-ны жалға беруді ұсынады. Әдетте, мұндай ұсыныс жасаған адам өзінің жеке кәсіпкерлігіне уақытша тыйым салынғанын немесе салық бойынша шек қойылғанын, алайда бизнес «дамып» келеді, сондықтан оны кеңейту үшін басқа жеке кәсіпкерлік қажет деп айтады. Ал мұның орнына кәсіпкерге оның атынан сатылған өнімнің пайызын және барлық комиссиялар мен салықтарды төлеу ұсынылады.
Жоғарыда айтылған оқиғалардағыдай, қаскүнемдер салық та, комиссия да төлемей, нақты кәсіпкерді қарызға батырады. Оның үстіне, «жалға алушылар» көбінесе жоқ тауарды «сатып», ЖК иесін тығырыққа тірейді.
«Бір қызығы, кейде кәсіпкерлер өздерінің қосымшасына ешкімге рұқсат бермейді», – дейді Дамир Нұритдинов. – Яғни, оларға осындай сомаға осындай нөмірге шот жіберу керек дейді», болды. Кәсіпкер алаяқтық схемаға өзі қатысады деуге болады.
Ал, біраз уақыт өткен соң мұндай «саудадан» ондаған сатып алушы мен миллиондаған салық қарызы бар кәсіпкер зардап шегеді.
Нәтижесінде не болады
Осылайша, жеке кәсіпкерлікті жалға беруден пайда болмай, төленбеген салық көбейеді, сауда алаңымен келісімшарт бұзылады және алданып қалған ондаған адам полицияға арыз береді.
Тіпті түрмеге тоғытылуыңыз да мүмкін. Себебі, ЖК-ны үшінші тұлғаларға беру елімізде заңсыз болып табылады.
Оңай ақша табудың мұндай жолы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Егер кәсіпкердің біліп-білмей алаяқтық схемаға қатысқаны, салық төлеуден жалтарғаны, ақшаны заңдастырғаны немесе жылыстатқаны, есірткіні өткізу мақсатында дайындап, сақтап, тасымалдағаны немесе оны тікелей сатқаны дәлелденсе, дәл солай болып шығуы ықтимал.
Яғни, жеке кәсіпкерлікті жалға беріп, бизнестен айырылып, қарызға батуыңыз, тіпті түрмеге қамалуыңыз әбден мүмкін.
Алданып қалмаудың амалы
Егер кәсіпкер болсаңыз:
Есіңізде болсын, не болса да ешқашан, ешкімге өз атыңыздан қаржылық операциялар мен мәмілелер жасауға жол бермеңіз. Жоғарыда айтылған «жеке кәсіпкерлікті жалға алу» заңсыз екенін және сіздің атыңыздан кім операция жасаса да, шотыңыздағы қаражат айналымы үшін өзіңіз жауапты екеніңізді білген жөн.
Егер сатып алушы болсаңыз:
Қымбат тауарларды тым төмен бағамен ұсынатын сатушыларға сенбеңіз. Есіңізде болсын, бірде-бір кәсіпкер шығынға ұшырап, сауда жасамайды.
Тауарларды әлеуметтік желілердегі тексерілмеген парақшалардан сатып алмаңыз. Пайдаланылған заттар сатылатын және тегін жарнамалар жарияланатын сайттарда өзіңіз алып кете алатын немесе алғаннан кейін ғана төлеуге болатын заттарды ғана таңдауға тырысыңыз.
Сатушылардың да, сатып алушылардың да оңай ақша табу немесе қымбат затты төмен бағамен сатып алу әрекетін алаяқтар өз мақсатында пайдаланады және мұның салдары ауыр болады.