Абай облысында жыл соңына дейін 150-ге жуық пәтер беру жоспарланған
06.12.2023 08:40
Әкімдік таратқан ақпарат бойынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бақылауда.
Отырыс барысында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, Аягөз ауданы бойынша көпбалалы отбасылармен жұмыс жасайтын комиссияның атқарған жұмысы, Семей қаласының Комсомол кентінің инфрақұрылымын дамыту (жолаушылар тасымалы, жарықтандыру, аялдама, жол жөндеу және т.б.), сондай-ақ жеке сот орындаушыларының алиментті өндіру жұмысы талқыланды.
"Мәселен, 2023 жылдың 10 айында 527 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде әлеуметтік жағынан осал отбасылар – 244, көпбалалы отбасылар – 161, жетім балалар – 55, баспанасы қауіпті деп танылған ҚР азаматы – 14 отбасы. Жыл соңына дейін тағы 150-ге жуық пәтер беру жоспарланған", — делінген хабарламда.
Қазіргі таңда облыста мемлекет қаржысына 26 несиелік үй салынып жатыр. Сол арқылы баспанаға мұқтаж тұрғындарға 1500-ге жуық пәтер кілтін табыстауға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында көтерілген мәселелерді Абай облысының әкімі протоколға енгізіп, тиісті тапсырма берді.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі