Алматы әкімі отставкаға кете ме? - Досаев өзі жауап берді
26.07.2023 18:12
Алматы әкімі Ерболат Досаев отставкаға кету туралы қала тұрғынының сауалына жауап берді. |
Алатау ауданының тұрғыны қала әкімінің отставкаға кетуіне 57 мыңнан астам қол жиналғанын, бұл жағдайға қалай қарайтынын сұрады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Сіз "Еститін мемлекет", "Әділетті Қазақстан" туралы жиі айтасыз. Қаламыздағы келеңсіз оқиғаларда сіздің атыңыз аталып жатады. Қазір 57 мың азамат, оның ішінде Алатау өңірінің тұрғындары да бар, сіздің отставкаға кетуіңізді талап етіп отыр. Неге олардың сөзіне құлақ асып, отставкаға кетпейсіз?, — деді қала тұрғыны.
Қала әкімі Алматыда 2 миллионнан астам адам тұратынын, ал 57 мың адамның аты-жөні белгісіз, жеке деректері мүлдем көрсетілмегендіктен, бұл петицияға күмәнмен қарайтынын атап өтті.
Сұрағыңызға рахмет. Жауап беруге мүмкіндік беріңіз. Алматыда 2 миллионнан астам адам тұрады. Осы 57 мың адам «тірі жандар» ма, соны түсіну керек, себебі олардың кейбірінің тегі, аты, ЖСН-ы жоқ. Қаланы көркейту жолында көптеген жұмыс жасалып жатыр және оны жалғастыра береміз. Бірақ қала "тірі организм" іспеттес. Онда күнде бірдеңе болып жатады. Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды. Бірақ мені Мемлекет басшысы тағайындады және жұмысымды да сол кісі бағалайды, — деп жауап берді Ерболат Досаев.