"Төрешілер тарапынан тағы қиянат болатын сияқты": Спорт комментаторы бокстан әлем чемпионатына қатысты болжамын айтты
05.05.2023 18:10
Спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатына қатысты болжам жасады. |
Ол қазақ боксшыларының алдағы айқастары туралы ойын Caravan.kz медиа порталы тілшісіне айтып берді.
Биылғы әлем чемпионаты біздің құрама үшін оңай болмайды. Біріншіден, бұл біріншілік Ташкент қаласында өтіп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстан бір-біріне бокста қандай бәсекелес екенін жақсы білесіздер. Екіншіден, Қазақстан құрамасында осыдан төрт ай бұрын ғана бас бапкер ауысты. Қайрат Сәтжанов кетіп, Мырзағали Айтжанов келді. Жаңа бас бапкерімізге құраманы қайта жасақтау үшін төрт ай жеткілісіз. Сол үшін де Ташкентке ол кейбір салмақтарда жас, тәжірибесі аз боксшыларды алып кетіп, сынақтан өткізіп жатыр.
Ташкент төрінде төрешілер де біздің аяғымыздан тартуы мүмкін. Бір мысал, Талғат Сырымбетовтің жекпе-жегін алсақ болады. Менің ойымша төрешілер тарапынан тағы қиянат болатын сияқты. Сол үшін де боксшыларымыз мейлінше қарсыластарынан бір бас жоғары болулары керек.
Ал жүлдеге келетін болсақ, мен осы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын алса, үлкен нәтиже болады деп ойлаймын. Қамшыбек Қоңқабаевтың жеребесі ауыр болды. Капитанымыз Асланбек Шымбергеновтің де қарсыластары оңай емес. Сол үшін мең жеңіл салмақтағы жігіттерге сеніп отырмын. 51 және 54 келідегі Сабырхан Махмұт пен Сәкен Бибосынов алтын алады деп ойлаймын. Ал 48 келідегі Санжан Тәшкенбек бірінші қарсыласы өзбек боксшысы Шодиержон Меликузиевтен өтсе, ол да алтынға таласа алады. 57 келідегі Серік Теміржановтан кемінде қола жүлде күтемін.
Негізі арық айтып, семіз шыққан жақсы ғой. Мен бұл жерде басқа жігіттерде мүмкіндік жоқ демеймін. Барлығында мүмкіндік бар. Тек бабы мен бағы қатар шапса, Ташкентте жүлдегерлер тұғырынан көріп қалуымыз мүмкін.