ТОП новости

Аналитика, армия

Теги

Қазақ киносының үздіктерін талқылау шығармашылық бастамалар зертханасында өтіп жатыр

09.03.2023 00:00
Опубликовано в Қаз

Кеше Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматы өкілдігі жанындағы шығармашылық бастамалар зертханасында киносүйер қауыммен кездесу өтіп, режиссёр Абдулла Қарсақбаевтың «Қилы кезең» (1966) фильмі талқыланды.

Өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап қазақ киносы бүгінде классикаға айналған кинокартиналармен толығып, талантты кинорежиссёрлер, сценаристер, актёрлер шоқжұлдызы қалыптасты. Осы кезеңде Қазақ киносының мектебі қалыптасып, барлық бағыты пайда болды деп сеніммен айта аламыз.

Алайда қазақ киносы деген не? Киноқордың шедеврлеріне қандай фильмдер кіруі керек? Бұл Қазақстанда немесе Қазақстан туралы түсірілген фильмдер ме? Цензура мен идеологиялық шектеулерге қарамастан, режиссёрлер сол кездегі өзекті мәселелерді көрсете алды ма? Кеңестік кезеңде түсірілген туындылар күні бүгінге дейін өзекті ме? Олардың құндылығы неде?

«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасының командасы осы сұрақтарға жауап іздеп көргісі келді. Әр сейсенбіде кинотанушылар, сарапшылар, антропологтар, саясаттанушылар, экономистер жиналып, көрермендермен бірге жобада үздік атанған фильмдерді талқылайды. Сонымен қатар, жоба аясында талқыланып жатқан фильмді тамашалайды.

Жобаның мақсаты – постколониализм, әлеуметтану, мәдениеттану, антропология, адам құқығы, демократиялық құндылықтар және гендерлік теориялар тұрғысынан біздің кинематографтың үздік фильмдерін талдау арқылы Қазақстанның тарихын, мәдениетін, өнері мен қоғамын жаңаша түсінуге ықпал ету.

50 режиссёр мен 30 киносыншы арасында сауалнама жүргізілді. Олардың арасында ең көп ұпай жинаған фильмдер біздің ондыққа кірді.

Кешегі талқылауға зерттеуші, әлеуметтік антрополог, аудармашы, Цюрих университетінде және Макс Планк Әлеуметтік антропология институтында PhD кандидаты Зарина Мұқанова және кинотанушы, журналист, Лондондағы Мэри патшайым университетінің докторанты, кинотанудан өнер магистрі Әсия Бағдәулет қатысты.

Барлық талқылаудың модераторы, осы жобаның жетекшісі – драматург, Oner Portal сайтының авторы, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы мәдениет жөніндегі Кеңестің мүшесі Әннәс Бағдат.

2022 жылдың желтоқсанында басталған жоба аясында «Қыз Жібек» (1970), «Менің атым Қожа» (1963), «Тұлпардың ізі» (1964), «Атамекен» (1966), «Қиян» (1989), «Кардиограмма» (1995), «Балкон» (1988) фильмдері көрсетілді. Бұл талқылаулар American Space & Makerspace Almaty мәдени орталығында өтті.

Қазақ киносының жанкүйерлері үшін тағы екі көрсетілім бар:

• 14.02 – режиссёр Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» (1994).

• 21.02 – режиссёр Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» (1991).

Көрсетілімдер Алматы қаласы, Ганди көшесі, 10 мекенжайында, үлкен конференц-залда өтеді.

Көрсетілімдерге @oner.portal арқылы міндетті түрде тіркелу керек

«QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM» жобасы АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы мен Сhevron арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігімен және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

var SVG_ICONS = ' ';