Қазақстанда үш өңірде жұмыртқа бағасы заңсыз өскені белгілі болды
09.03.2023 00:00 Сауда комитеті Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқа бағасы өскенін анықтады. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин танымал және әлеуметтік өнімдерді сатудағы делдалдық схемаларға қатысты жүргізілген тексеру нәтижелерін қарады.
Сауда комитеті шот-фактураларды талдай келе, Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында жұмыртқа заңда белгіленген 15 пайыздық үстемеден артық сатылғанын анықтаған.
Атап айтқанда, "Курочка ряба" ЖШС көтерме сатушысы қазан-қарашада екі құс фабрикасынан 25 миллионнан аса бірінші санаттағы жұмыртқа сатып алған, оның 6 миллионы 25-тен 27 пайызға дейін үстеме бағамен сатылған. Өңірлерде анықталған деректер бойынша барлық материал тиісті шаралар қабылдау үшін әкімдіктерге берілген.
"Заңнама шеңберінде жұмыс істеу керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген сауда үстемесінен аспау керек. Әкімдіктердің назарын тағы да сауда үстемесін бұзу тәжірибесінің жолын кесу қажеттігіне аударамын", — деді Серік Жұманғарин.